Асайын Байханов жылу беру маусымы туралы: Сұраныс қатаң болады

Асайын Байханов жылу беру маусымы туралы: Сұраныс қатаң болады

Облыс әкімі қала әкімдерімен және ЖЭО басшыларымен қысқы маусымға дайындық бойынша көшпелі жиналыс өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыстың энергия кәсіпорындарындағы 40 бірлік жабдықты жөндеу жоспарланған. Бұл – қазандық агрегаттары, турбиналар, түтін құбырлары. Бүгінгі таңда 12 жабдықты жөндеу аяқталды, 22-сі жөнделуде, 6 бірлік бойынша жөндеу 2023 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде және жергілікті атқарушы органдардың қатаң бақылауында.

Павлодарда 1277 көпқабатты тұрғын үйдің 1064-і, Екібастұзда 690 үйден 643-і, Ақсуда - 264 үйдің 225-і жылу беру маусымына толық дайын. Жылуды қабылдауға дайындығы төмен үйлер бойынша өңір басшысы тұрғын үй инспекциясының жұмысын күшейтуді, тұрғындармен жиналыстар ұйымдастыруды, қажетті түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Облыс әкімі жылу беру маусымының дайындығына селқос қараған жауапты тұлғалардан сұраныс қатаң болатынын ескертті. Балабақшалар, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар қатаң бақылауға алынуы керек. Қазіргі уақытта 586 білім беру нысанының 560-ы (95,6%) дайын.

Денсаулық сақтау нысандары бойынша 317 нысанның 304-і (95,9%) дайындалды. Барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының дайындығын 15 қыркүйекке дейін толық қамтамасыз ету жоспарлануда.

Алдағы жылу беру маусымында қатты отынға деген жалпы қажеттілік 479,0 мың тоннаны құрайды, оның ішінде тұрғындар үшін 326,0 мың тонна. Өңір басшысы әкімдерге көмірмен қамтамасыз етуде әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың тізімін алдын-ала жасауды тапсырды.

– Мен сіздердің барлықтарыңыздың – ЖЭО басшыларының, қала әкімдерінің алдына жалғыз ғана міндет қойып отырмын – биылғы жылу беру маусымы штаттық режимде өтуі тиіс. Барлық жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуы керек. Бұл – сіздердің жеке жауапкершіліктеріңіз, – деп атап өтті облыс әкімі.  

Сонымен қатар, Асайын Байханов анықталған ақауларды жою және тұрғын үйлерді жылу қабылдауға қосу мерзімдері туралы тұрғындарды уақтылы хабардар етуді тапсырды. Жылу беру кезеңі басталған алғашқы күндері тұрғын үй инспекциясының барлық бөлімдері, қалалық авариялық және коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне көшуі тиіс. 

Энергетикалық кәсіпорындардың басшыларына барлық жөндеу науқандарын 15 қыркүйекке дейін аяқтау тапсырылды.