Асайын Байхановтың сүйікті кітаптары: Лондоннан павлодарлық қаламгерлерге дейін
Өңір басшысының әдеби талғамы туралы жас оқырмандар сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жаңғыртудан өткен қалалық кітапханалардың жұмысымен танысты. Ол М.Жаманбалинов атындағы балалар кітапханасына барып, «Жаманбалинов оқулары» байқауының жеңімпаз атанған оқушылармен кездесті.
Балалар облыс әкімі қандай кітаптарды ұнататынын және нені оқуға басымдық беретінін сұрады. Асайын Байханов әлемдік классикаға да, заманауи әдебиетке де қызығушылық танытатынын айтты.
– Шетелдік жазушылардың ішінде мен әсіресе екі авторды жақсы көремін – Джек Лондон мен Теодор Драйзерді. Әрине, қазақ жазушыларының шығармаларын да оқимын, өйткені қызықты кітаптар өте көп. Соңғы кездері сүйіп оқып жүрген авторларымның бірі – павлодарлық жазушы Арман Қани. Қазір оның кітаптарын оқып жүрмін, себебі олар туған өлкеміз, Ертіс-Баян туралы жазылған. Бұл шығармаларда өңірдің дамуына еңбек сіңірген адамдардың өмір жолы баяндалады. Осындай кітаптарға мен ерекше мән беремін, – деп бөлісті өңір басшысы.

Сондай-ақ ол соңғы кездері ағылшын тілінде оқыған кітаптарының бірі Теодор Драйзердің «Қаржыгер» («Финансист») романы екенін айтты.
– Бұл кітапты не үшін оқу керек? Өйткені ол қаржы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсінуге көмектеседі: несие, банктер, жалпы осы механизмнің барлығы көрсетіледі. Драйзер роман жазбас бұрын осы салада өзі жұмыс істеген – кем дегенде бір-екі жыл банк саласында еңбек етіп, ортаны терең зерттеген. Тек содан кейін ғана кітап жазуға отырған. Шығармада қаржы жүйесінің құрылымы, онда қандай адамдар жұмыс істейтіні, неге бір адамға несие беріліп, екіншісіне берілмейтіні нақты көрсетілген, – деп атап өтті облыс әкімі.

Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуының негізгі бағдарлары – таза экология, оқитын қоғам және өнерді қолдау болуы тиіс деген сөзін еске салды. Оның айтуынша, қоғамды кітап оқуға баулу үшін кітапханаларда заманауи қызмет көрсету деңгейі қамтамасыз етілуі қажет.