Астанада аграрлық сектордың 30 еңбеккері марапатталды
Форумға Павлодар өңірінің басшысы Асайын Байханов та қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада еліміздің барлық өңірлерінен аграрлық сектор өкілдерінің басын қосқан ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Мемлекет басшысы отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың стратегиялық маңыздылығын, саланы жүйелі түрде жаңғырту қажет екенін, сондай-ақ фермерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі күшейту маңыздылығын атап көрсетті.
Форум барысында адал еңбегі мен ауылдық инфрақұрылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік наградаға ие болды. Атап айтқанда бір адам «Парасат» орденімен; алты өкіл «Құрмет» орденімен; бір азамат II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен; он адам III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен; алты еңбеккер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, осы іс-шарада ауыл шаруашылығы саласында озат атанған төрт азаматқа алғаш рет «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы табысталды.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Павлодар ауданының Черноярка ауылындағы «Скугаревых» шаруа қожалығының механизаторы Евгений Скугарев алды. Ол елдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталды. Бұл марапат – диқандардың еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан көп жылғы қажырлы еңбегінің жемісі.
Павлодар облысынан форумға шамамен 150 сала маманы қатысты.