Ата-аналар қуанышты: Павлодардағы жаңа балабақшаға 150-ден астам өтініш түсті

Ата-аналар қуанышты: Павлодардағы жаңа балабақшаға 150-ден астам өтініш түсті
Фото: Алибек Дженалинов

«Достық» шағын ауданында жаңа, заманауи мектепке дейінгі мекеме – №58 балабақша ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Конституция күні қарсаңында пайдалануға берілген балабақша 79 орынға есептелген және дамып келе жатқан шағын ауданның инфрақұрылымындағы маңызды әлеуметтік нысандардың бірі болмақ.

Мұнда балалардың тәрбиесі мен білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Музыкалық және спорт залдары, логопед, психолог пен медицина қызметкерінің кабинеттері бар. Оқыту мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау камералары және дабыл түймесі орнатылған.

Балабақша директоры Еркегүл Шайманова жаңа мекемеде барлығы төрт топ ашылғанын атап өтті. Балаларды қабылдау екі жастан бастап жүргізіледі. Қазір ұжымда 33 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 15 педагог бар: екі педагог-эксперт, екі педагог-модератор және тәжірибелі тәрбиешілер. Сондай-ақ тәрбиешілердің көмекшілері, аспаздар мен шаруашылық қызметкерлері еңбек етуде.

Балаларға би және спорттық-сауықтыру үйірмелері ұйымдастырылған. Болашақта ақылы логопедтік және қолөнер үйірмелерін ашу жоспарда бар.

– Балалар күніне төрт мезгіл тамақтанады. Ас мәзірі жас ерекшеліктеріне сәйкес әзірленіп, санитарлық талаптарға сай құрастырылған. Тағамдар құрамында дәруменге бай жеміс-жидектер, сүт өнімдері мен ет тағамдары бар, – дейді мекеме басшысы.

Жаңа балабақша ата-аналардың жоғары сұранысына ие болды. 79 орынға есептелген мекемеге қазіргі уақытта 150-ден аса өтініш түскен. Бұл шағын ауданда балабақшаға деген қажеттіліктің жоғары екенін көрсетеді.

– Ата-аналар жаңа нысанның ашылғанына қуанып, ең алдымен заманауи жабдықтар мен жайлы жағдайды, кәсіби педагогтар құрамын және балаларға көрсетілетін қамқорлықты ерекше атап өтуде. Көпшілігі бүлдіршіндердің жаңа ортаға тез бейімделіп кеткенін айтады, – дейді Еркегүл Шайманова.

«Достық» шағын ауданының дамуы жалғасып жатыр. Жаңа балабақша сияқты әлеуметтік нысандардың ашылуы тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда.