Жетістіктер мен мүмкіндіктер: Павлодар облысында бұқаралық спорт қалай дамып келеді?

Өңірде 32 спорттық нысан жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста 36 олимпиадалық спорт түрі дамып келеді. Сонымен бірге ұлттық спорт түрлерін де қолдау назардан тыс қалған жоқ. Ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спортпен қатар дамиды. Жастар үшін бұл – спортқа тартудың әрі дәстүрді сақтаудың жолы.
Бүгінгі таңда өңірде 32 спорттық нысан жұмыс істейді. Оларда 641 жаттықтырушы қызмет атқарып, 24 356 бала тұрақты түрде спортпен айналысады. Бұл – спорт саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.
– Соңғы жылдары ауылдық жерлерде жаңа спорт кешендері ашылды. Атап айтқанда, Ақсу қаласында жаңа мұз аренасы, Баянауыл ауданында бассейні бар дене-шынықтыру сауықтыру кешені, алты ауылдық елді мекенде жаңа спорт кешені. Бұл нысандар ауыл балаларының спортпен кәсіби түрде шұғылдануына жол ашты, – деді Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының дене шынықтыру көпшілік бөлімнің басшысы Талғат Сәкенов.
Павлодар облысының спортшылары республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Аттап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы республикалық спартакиадада облыс спортшылары төртінші орынға ие болды, VI жазғы жастар ойындарында павлодарлықтар 20 өңір ішінде бесінші орыннан көрінді. Ал 4-9 қыркүйек аралығында Павлодарда таеквондо бойынша республикалық жарыс өтпек.
Жыл сайын өңірде 1700-ге жуық спорттық іс-шара өткізіледі. Оның ішінде марафондар, әуесқой турнирлер, жеңіл атлетика мен жүзу жарыстары бар. Бұл шараларға мыңдаған тұрғын қатысып, салауатты өмір салтын ұстануға қадам жасайды.
– Бұқаралық спорт тек кәсіби спортшылардың ғана емес, әр тұрғынның өмір салтына айналуы керек. Біз спортты жаппай дамыту арқылы болашақ чемпиондарды тәрбиелеп қана қоймай, халықтың денсаулығын нығайтуды көздейміз, – деп атап өтті Талғат Сәкенов.
Бұқаралық спорттың дамуы – кәсіби спорттағы жетістіктердің негізі. Павлодар облысының тәжірибесі көрсеткендей, инфрақұрылым мен қолдаудың кеңеюі өңір спортшыларының республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне жол ашып отыр.