Атамекенде жол жөндеу мен абаттандыру жұмыстары жалғасады

Атамекенде жол жөндеу мен абаттандыру жұмыстары жалғасады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Келер жылы кенттің бірнеше көшесіне орташа жөндеу жүргізіліп, балалар алаңы жөнделеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің Атамекен кентінің тұрғындарымен есептік кездесуінде мәлім болды. Жиында жиналғандарға биыл атқарылған жұмыстар мен алдағы жылға жоспарлар таныстырылды. Кездесуде жолдарды жөндеу, абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық тазалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Алдымен кент әкімі Мүнира Дүйсенбекова 2026 жылдың екінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, жазғы кезеңде көше-жол желісін күтіп-ұстау аясында 20 аялдама павильоны жөнделген. «Автодор» және «Сигнал» ЖШС автомобиль жолдарында шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, жол белгілері орнатылып, жөнделген, жасанды жол кедергілері жасалып, жаяу жүргіншілер өткелдеріне жолақтар сызылған.

«Каба Строй» ЖШС жол төсемінің қиыршықтас негізін жасау жұмыстарын атқарған. Сондай-ақ Ғарышкер көшесіндегі амбулатория аялдамасына дейінгі жол жөнделіп, заманауи балалар ойын алаңы орнатылды. Бұдан бөлек, электр желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 14 трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.

Есепті кезеңде кент аумағындағы жолдардың 1295 шаршы метрінде шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 12 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды. Кенттен 20 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Қазіргі уақытта 240 орындық балабақшаның құрылысы жалғасып жатыр.

Кездесу барысында Хасар Хабылбеков алдағы кезеңге жоспар құрудың маңызын атап өтті.

– Соңғы жылдары ауылдарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Енді келесі жылға жоспар құратын уақыт келді, – деді қала әкімі.

2027 жылы кенттің төрт көшесіне орташа жөндеу жүргізу, балалар ойын алаңдарын орнату және аумақты одан әрі абаттандыру жоспарланып отыр.

Кездесу кезінде тұрғындар да сөз алып, өз ұсыныстары мен алғыстарын жеткізді. Атап айтқанда, тұрғындардың бастамасымен биыл кентте қазақ тілін үйрену үйірмесі ашылған. Жергілікті тұрғындардың бірі бұл бастаманы қолдағаны үшін қала және кент әкімдіктеріне алғыс айтып, үйірменің келесі жылы да жалғасын табуына тілектестік білдірді. 

Тағы бір тұрғын өткен жылы қатты желден қираған үйін қалпына келтіруге көрсетілген көмек үшін әкімдік өкілдеріне ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, үй қайта салынып, қазір отбасы жылы әрі жайлы баспанада тұрып жатыр.