Баянауылда алғаш рет тұрақты құтқару бөлімшесі ашылды

Баянауылда алғаш рет тұрақты құтқару бөлімшесі ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұған дейін құтқарушылар өңірге тек туристік маусым кезінде ғана келетін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа бөлімше облыс басшылығы мен Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қолдауымен құрылды. Енді құтқарушылар аудан тұрғындары мен туристердің қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етеді.

Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың мәліметінше, 2023 жылдан бері төтенше жағдайлар департаментінің жасағы Баянауылға тек жазғы маусымда келіп жүрген. Ал жаңа бөлімше қыс мезгілінде де, жазда да тұрақты қызмет көрсетеді.

– Кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ету мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылды. Құтқарушылар жасағына 10 адам қабылданды, – деді Ардақ Кісентаев Instagram парақшасында.

Жоба аясында аудан әкімдігі құтқарушыларға арналған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға берген.

Ал төтенше жағдайлар департаменті бөлімшені қажетті техникамен қамтамасыз етті. Құтқарушылардың қарауына жолсыз жерлерде жүруге арналған екі жол талғамайтын көлік пен КАМАЗ базасындағы өрт сөндіру автокөлігі берілді.

Жаңа бөлімшенің ашылуы туристер көп келетін Баянауыл ауданында қауіпсіздік деңгейін арттырып, төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.