Атақты павлодарлық жаттықтырушы жастармен жұмыс істеу тәсілдерімен бөлісті

Атақты павлодарлық жаттықтырушы жастармен жұмыс істеу тәсілдерімен бөлісті
Фото: автор

Қазіргі жастардың талғамы мен ойлау жүйесі өзгерген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Марғұлан университетінің профессоры, Павлодар облысының Құрметті азаматы Виктор Кольев студенттік спорттың қазіргі жағдайы және жастармен жұмыс істеу ерекшеліктері туралы пікір білдірді.

60 жылға жуық уақытын спорттық білім беру саласына арнаған маманның айтуынша, жаттықтырушы даярлауда теориямен қатар тәжірибенің маңызы зор. Жаттығуды он рет түсіндіргеннен гөрі, бір рет дұрыс көрсеткен тиімді.

Кольевтің пікірінше, студенттік спорт тұрақты болуы керек. Жарыстармен ғана шектелмей, жастар үнемі жаттығып, спорт университет өмірінің бір бөлігіне айналуы қажет. Қазіргі жастардың талғамы мен ойлау жүйесі өзгергенімен, спорттың негізгі қағидалары – қозғалыс, тәртіп пен еңбек – өзгермейді. Жаттықтырушылар жастармен қарым-қатынастың заманауи тәсілдерін меңгеруі тиіс.

— Жастар қазір басқа, олардың ойлау жүйесі де өзгерді. Сондықтан тәсіл де заманауи болуы керек. Бірақ спорттың негізі өзгермейді: қозғалыс, тәртіп және еңбек. Спорт адамды шыңдап, мінезін қалыптастырады, жауапкершілікке үйретеді, - дейді ардагер спортшы.

Маман спортқа ауылдан келген жастардың әлеуетін де атап өтті. Оның айтуынша, олардың арасында табиғи дайындығы жоғары, қабілетті спортшылар көп. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балалардың спортпен айналысуы жастарға тәртіп пен табандылықтың жақсы үлгісін көрсетеді. Виктор Кольев спорт инфрақұрылымын жаңартудың қажеттігін де айтты. Атап айтқанда, Павлодардағы «Юность» манежінің жағдайын жақсартып, заманауи спорт нысанын салу керек деп санайды.

Жаттықтырушының басты ұстанымы: спорт денсаулықты нығайтып қана қоймай, адамның мінезін қалыптастырады, тәртіпке, жауапкершілікке және нәтижеге жетуге үйретеді. Сондықтан жастар көбірек қозғалып, еңбек етуі керек.