Сахна мен төбесі құлады: Тереңкөл ауданында жанып кеткен мәдениет үйін қашан жөндейді?

Сахна мен төбесі құлады: Тереңкөл ауданында жанып кеткен мәдениет үйін қашан жөндейді?

Береговое ауылында екі жыл бұрын өрт шыққан мәдениет үйі қайта  қалыпқа келтіріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтов мәлім етті. 

– Береговое ауылында шынымен де 2021 жылы мәдениет үйінде өрт шыққан еді. Ғимараттың қабырғасы тұтас қалғанмен, шатыры өрттен қатты зардап шекті. Бұл жоба 400 миллион теңгені талап етеді. Тамыз айында мемлекеттік сатып алуға өтінім бердік. Енді облыс бюджеті есебінен қаражат  тосып отырмыз. Ендігі жылы сәуір-мамыр айында мәдениет үйі қайта құрамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі. 

Оның сөзінше, жоба 2022 жылы әзірленген. Алайда мәдениет үйі нысан ретінде жобасы күрделі болғандықтан, оны зерттеу үшін бірнеше ай кеткен. 

Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылтаң ауылында жаңадан мәдениет үйі салынуда. Құрылыс сәуір айында басталған, қыркүйек айында қолданысқа енгізу жоспарланған. Мамыр айында облыс әкімі Асайын Байханов ауданға іс сапармен барған кезде ол жердегі жұмыстарды сынға алған еді. Мәдениет үйінде бүгінде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы Азамат Маңғұтов айтып берді.

– Жалпы жұмыс қарқыны жаман емес. Келісімшарт бойынша қараша айына дейін аяқтау керек. Енді ауа райының қолайлығына қарап, қазан айына дейін жұмыстарды тәмамдаймыз. Артта қалушылық жоқ. Орта есеппен жұмыстар 80-85%-ға аяқталды.  Көбінесе ішкі жұмыстар қалды: терезелер мен есіктерді орнату. Аудандық бюджеттен қоршауын салу мен брусчатка төсеу үшін 19 миллион қаражат қарастырылып отыр, – деді спикер. 

Азамат Маңғұтовтың сөзінше, ауылдық мектепке баратын 80 баланың барлығы дерлік домбыра тартады. Сол себепті жаңа мәдениет үйінде домбыра үйірмесін ашу көзделіп отыр. Бұған қоса, жастар көкпармен айналысуға ниет білдірген. 

Бұдан бөлек, аудан әкімі тағы қай жерде мәдениет үйін салу керектігін атап өтті.

– Жалпы жоспар бойынша 2024 жылы Калиновка ауылы  «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына кіреді. Барлық жобалық сметалық құжаттар әзірленді, республикаға өтінім берілді. Бір миллиардқа жуық теңге қаржыға барлық әлеуметтік нысан жөнделеді, оның ішінде мектеп, мәдениет үйі, кентішілік жолдар бар, – деді Азамат Маңғұтов.

Ал 2025 жылы Ивановка ауылындағы мәдениет үйін жөндеу жоспарланып отыр.