«Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынына дайындық барысы пысықталды
Ауқымды шарада биыл шет елдің 6 командасы бақ сынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың 21–28 маусым аралығында Бурабай курорттық аймағында XII «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Оған Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Өзбекстан елдерінің командалары қатысады деп жоспарлануда.
«Айбын» жиыны өңірдегі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің ең ірі алаңдарының бірі болмақ. Биыл оған 54 команда қатысады, оның алтауы шетелдік командалар.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Ақмола облысына барып, алдағы жиынға дайындық барысын тексерді. Инфрақұрылымның дайындығын бағалау және атқарылып жатқан жұмысты үйлестіру мақсатында бағдарламаның негізгі бөлігі өтетін «Амандық» полигонына да барды. Сапар барысында тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қатысушыларды орналастыруды ұйымдастыруға және оқу-жаттығу бағдарламасының сапасына жіті назар аударылды.

– «Айбын» халықаралық жиыны – жастарды тәрбиелеу, патриотизмді нығайту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаң. Біздің ортақ міндетіміз – оны жоғары деңгейде, барлық қатысушылардың қауіпсіздігі мен жағдайына ерекше көңіл бөле отырып өткізу, – деді генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж бен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барды.
Сапар қорытындысы бойынша дайындықты одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.