Ақсу қаласында «Жүректен жылу» қайырымдылық акциясы басталды

Ақсу қаласында «Жүректен жылу» қайырымдылық акциясы басталды
Фото: pexels.com

Қайырымдылық шарасы 20–26 қаңтар аралығында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Игі бастаманы Ақсу қалалық жастар бастамаларын дамыту орталығы қолға алып отыр. 

- Қаламызда қиын өмірлік жағдайға тап болған және суық мезгілде қолдауға мұқтаж жандарға арналған киім жинау бойынша қайырымдылық акциясы басталды. Акцияның басты мақсаты - көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетіп, мейірім мен қолдау көрсету, - дейді ұйымдастырушылар.

Бастамашыл жастар қала тұрғындарын, ұйымдар мен ұжымдарды, сондай-ақ қайырымдылыққа бей-жай қарамайтын жандарды игі іске атсалысуға шақырады.

Айта кетелік, киімдерді Ақсу қаласы, Строителей көшесі, 14а мекенжайындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығында» күн сайын сағат 9:00–18:30 аралығында қабылдайды. Қайырымдылыққа берілетін киім таза әрі жуылған болуы, бүтін күйде, тозбаған, қайта киюге жарамды, сыртқы көрінісі ұқыпты болуы және маусымға сәйкес, жылы киімдерге басымдық беріледі. 

Жиналған киімдер шын мәнінде мұқтаж адамдарға табысталады. Сондықтан әрбір затты бірден пайдалануға болатын күйде тапсыру маңызды.