Павлодарда оқушыны соққыға жыққан екі жасөспірім сотталды
Сотталушылар кінәні ішінара мойындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі жасөспірімге қатысты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен көрінеу кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтiру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК 106-б. 2-б. 5,11-т.).
Іс материалдары бойынша былтырғы жылдың 24 шілдесінде сағат 18:00-ден 21:00-ге дейінгі аралықта екі кәмелетке толмаған сотталушы Торайғыров университеті стадионының аумағында жеке өшпенділік негізінде және алдын ала сөз байласумен бір оқушыны ұрып-соққан. Нәтижесінде зардап шеккен баланың денсаулығына ауыр зиян келтiрілген болатын.
Сотталышулардың кінәсі жиналған дәлелдемелермен, жәбірленушінің айғақтарымен, сот сараптамасының қорытындыларымен дәлелденді. Олар оқушының денсаулығына ауыр зиян келтіру деген айыппен келіспей, кінәні ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.
– Екі жасөспірімге кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеумен әрқайсысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды,– делінген сот үкімінде.
Сондай-ақ, сотталушылардың заңды өкілдері моральдық зиянды өтеу үшін 3 миллион теңге өндіру қажет.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, былтыр шілдеде төбелестің салдарынан 14 жастағы баланың екі қабырғасы сынып, оны жабық бас сүйек-ми зақымы деген диагноздармен ауруханаға жеткізген болатын. Баланың жағдайын психологтар қадағалаған еді. Полицейлер және балалардың құқықтарын қорғау департаменті оқиғаны жан-жақты зерттеді.