Павлодарлық филармонияға екі ғасыр бұрын жасалған пианино сыйлады

Жүз жыл бұрын үнімен тәнті еткен музыкалық аспаптың үні қазіргі заманда қайта жаңғырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында 19 ғасырдың екінші жартысында жасалған A.Uslall фирмасының көне пианиносы табысталды. Бұл бірегей аспап бірнеше онжылдық бойы танымал ақын Татьяна Окольничьяның үйінде сақталып келген. Енді ол филармониядан лайықты орнын тапты.
– Бұл аспап менің жүрегіме өте қымбат, бірақ біз оны мамандардың қолына тапсыруды жөн көрдік. Осы пианино қаламыздың тарихымен де байланысты, енді адамдар сол тарихты көріп, сезіне алады, – деді ақын.
Пианиноның тарихы 19 ғасырмен ұштасады. Аспап бір кездері көпес Матағановтың отбасына тиесілі болған. 1959 жылы бұл аспап болашақ ақынның отбасына көшкен. Пианинонада Татьянаның ұстазы, №15 мектептің директоры Елизавета Портнова да ойнаған. Тағы бір қызықты дерек – ақын әйгілі көпес, Павлодарда әйелдер училищесін ашқан Иван Долженковтың шөбересі.
Пианино Мәскеуде жиналғанымен, оның барлық механизмі неміс және ағылшын өндірісінен. Қаңқасында «Morgenstern & Kontrade. Leipzig» деген тақтайша сақталған, пернелері піл сүйегінен жасалған. Айта кетерлігі, A.Uslall фирмасының рояльдары Ресейде алғаш рет 1884 жылы Жаңа Орлеанда өткен халықаралық көрмеде алтын медальмен марапатталған.
– Аспап шынымен сирек кездесетін дүние. Бұған ұқсас пианиноларды қаламызда бұрын-соңды көрмедім. Жасына қарамастан, жақсы сақталған, дегенмен, әрине, реставрация қажет, – деді фортепиано аспап шебері Михаил Пархоменко.
Пианиномен қатар, ақын филармонияға өз отбасының басқа да құнды жәдігерлерін тарту етті: революцияға дейінгі неміс тігін машинасы, интерьер бұйымдары және 20 ғасырдың басындағы көне иллюстрацияланған «Родина» мен «Всемирная новь» журналдары.
– Татьяна Владимировнаның бұл аспапты бізге тапсыруды ұйғарғанына аса ризамыз. Бұл филармония үшін жай ғана көне бұйым емес, Павлодардың және оның музыкалық мәдениетінің бір бөлігі. Алдағы экспозициямызда бұл көпестің пианиносы ерекше орын алып, көрменің көркі болмақ, – деді филармония директоры Амангелді Қожанов.
Пианиноның тұсаукесерінде аспап қайтадан үн қатты. Алғашқы болып онда ақынның өзі ойнады. Сондай-ақ симфониялық оркестрдің пианисткасы Ирина Воронина мен Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі, пианист-виртуоз Ерлік Сайырхан өнер көрсетті. Енді бұл аспап филармонияның орталық фойесінде тұрақты түрде қойылады.
Филармония өкілдерінің айтуынша, бұған дейін келушілер концерт залындағы көне кеңестік люстраға тамсанса, енді Павлодарда тағы бір керемет зат пайда болды – қаланың ең көне пианиносы.