Павлодарлық мектеп директоры: Ұлттық құрылтай бастау алғалы азаматтық қоғамның рөлі арта түсті
Алты Алаштың басын қосқан Қызылордадағы V құрылтайға Қазақстанның әр өңірінен 100-ден аса құрылтай мүшелері жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұлттық құрылтай туралы өз пікірімен №48 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Айнұр Бекбаева бөлісті.
– Әр өңірден келген өкілдер елдің аманатын жеткізіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқы таразысына салды. Елімізде Ұлттық құрылтай бастау алғалы азаматтық қоғамның рөлі де арта түсті. Жалпы ұлттық құрылтай түрлі категориядағы азаматтардың басын біріктіріп отырған ұлттық диалог алаңына айналған, – деп атап өтті ол.
V құрылтайда білім саласына қатысты мәселелер де талқыланды.
– Мемлекет басшысы білім, ғылым және жоғары технологияға инвестиция салудың маңызын атап өтіп, адам капиталының сапасын арттыруды басты басымдық ретінде көрсетуі өте орынды. Себебі ұзақ мерзімді әрі тұрақты даму, ең алдымен, білікті мамандарға, ғылымға сүйенген экономикаға және технологиялық прогреске тәуелді, – деді мектеп директоры.
Сонымен қатар, Президенттің «құр уәде», «пиар-акциялар» туралы сыны қоғамдағы көпшіліктің көңіл-күйімен үндес.
– Бұл сөздер реформалардың тек қағаз жүзінде немесе салтанатты жиындар аясында қалып қоймай, нақты нәтижеге бағытталуы керектігін айқын аңғартады. Нәтиженің көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуі – мемлекеттік басқарудағы жауапкершілікті арттыратын маңызды талап, – деді Айнұр Бекбаева.
Оның сөзінше, цифрландыру және жасанды интеллект жылын ұран үшін емес, нақты міндеттер жүктеу үшін жариялау да – заман талабына сай шешім. Бұл бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілін өзгертіп, шешім қабылдау жылдамдығын арттыруға, еңбек өнімділігін өсіруге және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік беруі тиіс.
– Мектептерде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының енгізілуі жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды, жауапкершілік пен адалдық қағидаттарын жүйелі түрде сіңіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Тәрбие жұмысының мазмұнымен қатар, ортақ визуалдық стиль мен брендбуктың әзірленуі бұл идеяның бірізді әрі түсінікті түрде жүзеге асуына мүмкіндік береді. Ал «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасының қабылдануы мемлекет үшін баланың құқығы мен қауіпсіздігі басты назарда екенін айқын аңғартады. Бұған дейін әртүрлі бағытта жүзеге асқан шараларды бір бағдарлама аясында біріктіру балаларды қорғау тетіктерін күшейтіп, мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырады, – деді ол.
Мектеп директорының айтуынша, Президенттің бұл сөздері әділетті қоғам құрудың негізі тәрбиеден басталатынын дәлелдейді. Адал, саналы және жауапты азамат қалыптастыру арқылы ғана елдің болашағы берік болмақ. Ең бастысы, бұл бастамалар қағаз жүзінде қалмай, мектеп өмірінде және балалардың күнделікті тұрмысында нақты нәтижесін берсе, оның қоғам үшін маңызы зор болады.