Ақсу қаласының тұрғындары саябақты ретке келтіруді сұрайды

Ақсу қаласының тұрғындары саябақты ретке келтіруді сұрайды
Фото: pexels.com

Қазіргі уақытта демалыс орнында қоршау жоқ, толығымен шөп басып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласына келіп, ағаштарды санитарлық кесу, жолдарды төсеу және дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысуда. Ақсу қаласындағы шағын аудандардың бірінде тұрғындар саябақты ретке келтіруді сұрап отыр.

– Саябақ салынды, бірақ қоршау жоқ. Ақсу ықшамауданы болса да, мұнда мал жүреді. Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері отырғызған шыршаларды аяймыз.  Көшеттер жатыр, әлі отырғызылмаған – бұның бәрі ақша ғой. Оған қоса, саябақты шөп басып кеткен. Былтыр бәрі жақсы болды, зейнеткерлер осы жерге шығып, спортпен шұғылданды, қазір бәрі қалды, – дейді қала тұрғыны Ақмарал Хаматханова.

Облыс әкімі саябақты ретке келтіреміз деп сендірді.

– Қоршау жасаймыз – бұл ешқандай мәселені тудырмайды. Ал абаттандыру жұмыстарына келсек, әр саябақты тазалау үшін мердігер керек. Бұл жерде мердігер ақшасын алып, жұмысын уақытында істемеген. Ұйым өкілдерімен сөйлесіп, демалыс орнын қалпына келтіреміз, күтім жасаймыз, – деді Асайын Байханов.

Тұрғындар стадион әкімшілігінен саябаққа төсеу үшін ескі жасанды шөпті беруді де сұрап отыр. Ақмарал Хаматханованың айтуынша, стадион басшылығы ескі материалдар стадионның балансында тұрғанын айтып, газонды беруден бас тартып отыр.

– Стадионнан саябаққа ескі жасанды жабынды әкелу қиын емес. Бірақ біз ескі материалды сала алмаймыз, бірден сынға түсеміз. Ережеге сәйкес, учаскелерде жабайы немесе ағылшын шөптері болуы керек, бірақ ол суару мен күтімді қажет етеді, – деді облыс әкімі. 

Аймақ басшысы саябақтың жақын арада ретке келтірілетініне уәде берді.