Ақсуда белгісіз жыртқыш қойларды қырып кетті
Белгісіз жыртқыштың кесірінен Үштерек, Айнакөл, Еңбек ауылдық аймақтарының тұрғындары зардап шеккен, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
– Бір айдан бері малдарға иттер шабуылдауда. Бірінші рет 35 басты қырып кетті. Енді кеше тағы 46 басқа шабуылдады. Бірнеше ауыл осы жыртқыштардың кесірінен зардап шегіп отыр. Иттермен бірге қасқырлар да болуы мүмкін. Құзырлы органдардан тиісті шаралар қабылдауды сұраймыз. Бұл мәселені солай қалдыруға болмайды. 100 бастан айырылып қалдық, – деп жазады тұрғындардың бірі.
Ақсу қаласының әкімдігінде малдарға қандай жыртқыштың шабуылдағаны белгісіз екені хабарлады.
11 мамырда сағат 9.15-те Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылдық округінің Үштерек ауылынан 3 км қашықтықта орналасқан «Қажыл» жайылым нүктесінде (иесі «Сукер и К» ЖК) 51 бас ұсақ малды қырып кеткені анықталды. Учаскелік инспектор тұрғындардан өтініш қабылдаған. Ауылдық округтің әкімдігі, ветеринариялық станция мамандары, учаскелік инспекторлар мен ауыл тұрғындары қаңғыбас иттерді аулау бойынша іс-шараларды жалғастыруда.