Кек алған: Павлодарда ер адам бастығының көлігін бүлдірді
Құқық бұзушының жеке басы бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 жастағы тұрғын жұмыс берушінің ГАЗель көлігіне зақым келтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Ол өзінің бұл әрекетін бастығынан кек алу мақсатында жасағанын айтып түсіндірген. Оның айтуынша, жұмыс беруші оған жалақысының бір бөлігін төлемеген.
Үйдің ауласында тұрған автокөліктің артқы айналарын бүлдірген.
– Ер адамға қатысты біреудің мүлкіне қасақана зиян келтіру фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ер адамға қатысты сот 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды, бұл сома 73840 теңгені құрайды, – деді департаментте.
Ер адам айыппұлды өтеді.