Ақсуда Достық үйі мен музей ашу мәселесі көтерілді
Қала тұрғыны Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановпен өткен кездесу барысында қаладағы рухани-мәдени инфрақұрылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті сұрақтар қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұрақ иесі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі екенін атап өтіп, Ақсудағы этномәдени орталықтардың жағдайына ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, қалада 11 этномәдени орталық жұмыс істейді, алайда осы уақытқа дейін олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және Достық үйін ашу мәселесі нақты шешімін таппай келеді. Тұрғын бұл мәселе жеке сұраныс емес, халықтар арасындағы достықты, бірлікті нығайтатын, жастардың тәрбиесіне ықпал ететін маңызды рухани жоба екенін атап өтті. Ол қаладағы қолданыстағы ғимараттарды бейімдеу арқылы бұл мәселені шешуге болатынын және өз тарапынан көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар Ақсу қаласының музейіне қатысты да сын-ескертпе айтылды. Қазіргі таңда музей мәдениет сарайының үшінші қабатындағы бір ғана бөлмеде орналасқан. Бұл, тұрғынның пікірінше, өндірісті, тарихы терең, киелі қала саналатын Ақсудың әлеуетіне сай келмейді. Салыстыру ретінде Екібастұз қаласындағы музейдің кең әрі мазмұнды екенін мысалға келтірді.
– Бұдан бөлек, өнер мектебі, оқушылар үйі, театр сынды балалар мен жастарға арналған рухани-мәдени нысандардың жетіспеушілігі де маңызды мәселе деп ойлаймын. Мұндай мекемелердің болмауы балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан рухани азықтың маңызды екенін атап өткім келеді, – деді қала тұрғыны.
Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов көтерілген мәселелердің орынды екенін атап өтті. Аймақ басшысы Ақсу басқа қалалардан кем емес екенін, оның өндірістік әлеуеті де, географиялық орналасуы да тиімді екенін айтты. Сондай-ақ әрбір қалада рухани-мәдени нысандардың болуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Әкім этномәдени бірлестіктердің жұмысын дамыту, музей ісін жүйелеу және шығармашылық, мәдени орталықтар құру бағытындағы ұсыныстар назарға алынатынын, бұл мәселелер алдағы жоспарлар аясында қарастырылатынын атап өтті. Сонымен қатар ол Ассамблея мүшелерімен бірлесіп, нақты ұсыныстар мен тетіктерді пысықтауға дайын екенін білдірді.