Баянауыл ауданында 100 орындық мектептің іргетасы қаланды
Екі қабатты білім ошағында ашық спорт алаңы болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Баянауыл ауданына қарасты Қаражар ауылында 100 орындық екі қабатты жаңа мектеп ғимаратының құрылысы басталды. 1958 жылы бой көтерген ескі оқу орны апатты жағдайда және заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Оның орнына ауылда спорт залы, шағын орталығы, асханасы және санитарлық тораптары бар кең екі қабатты ғимарат салу жоспарлануда. Тиісті аумағы абаттандырылып, ашық спорт алаңдары орналастырылады.
Қазір ғимараттың іргетасын салу жұмыстары басталды. «Евротехстрой» ЖШС жаңа мектеп құрылысын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Бүгін ауыл ақсақалдары мен тұрғындары жұмыстардың басталуына баталарын беріп, осындай маңызды іске сәттілік тілеуге жиналды. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын жергілікті тұрғындар мұқият қадағалайтындарын жеткізді. Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та қатысты. Ол жобамен толықтай танысып, құрылысшыларға жұмыстарды уақытында аяқтауға сәттілік тіледі. Жоба сәтті аяқталған кезде мемлекет осы объектіні халықтың қажеттіліктері үшін сатып алуды өз мойнына алуға дайын.
Айта кетейік, облыс бойынша апатты жағдайда үш мектеп бар – Баянауыл, Павлодар және Железин аудандарында. Барлық үш апатты мектеп бойынша биыл жаңаларын салу туралы келісім-шарттар бар.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев.