Павлодар облысында республикалық тасжолдың бір бөлігі жаңартылуда

Павлодар облысында республикалық тасжолдың бір бөлігі жаңартылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Астана мен Павлодарды байланыстыратын бағыттағы жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, KAZ04 «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автожолының 230+544 – 253+120 шақырым аралығы жөнделуде. Учаскенің жалпы ұзындығы – 22,6 шақырым.

Жұмысқа 29 арнайы техника мен 46 маман жұмылдырылған. Қазір жол негізін суық жону әдісімен қайта өңдеу және төменгі қабатты төсеу екі бағытта да толық аяқталды. Жоғарғы қабатты кері бағытта төсеу жұмыстары 78 пайызға орындалған.

– Жол айрықтары, жол жиегі, орталық бөлу жолағы, көпір және демалыс алаңындағы жұмыстар жүргізілуде. Демалыс алаңындағы жол жамылғысы толық жөнделіп, эстакада құрылысы 95 пайызға аяқталды, – деп хабарлады жол қызметінен.

Жоба аясында қозғалыс қауіпсіздігіне арналған инфрақұрылым да жаңартылады. Учаскеде автоматты салмақ өлшеу жүйесін, барьерлік қоршаулар мен сигналдық бағаналарды орнату қарастырылған.

Сонымен қатар санитарлық-гигиеналық торап салынып, жол таңбалары мен су бұру элементтері орнатылады.

Жөндеу аяқталғаннан кейін аталған учаскедегі қозғалыс қауіпсіздігі мен жолдың пайдалану жағдайын жақсарту көзделіп отыр.