Павлодар облысында республикалық автожолдың 15 шақырымы жаңартылды
Жолдың екі қабатты асфальтбетон жабыны төселіп, көлік айрықтары жөнделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Павлодар облысы бойынша филиалының мәліметінше, «Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Үлкен Ақжар – Курчатов» республикалық маңызы бар автожолының 15 шақырымдық учаскесінде орташа жөндеу аяқталды.
Жұмыстарды «Гордорстрой» ПКФ» ЖШС жүргізді. Мердігер ескі асфальтбетон жабынын, өтпелі-жылдамдық жолақтарын, түсірмелер мен аялдама алаңдарын фрезерлеп, екі қабатты жаңа жабын төседі.
Төменгі қабат ірі түйіршікті тығыз асфальтбетоннан, жоғарғы қабат щебень-мастикалық асфальтбетон қоспасынан жасалды.
Сондай-ақ екі көлік айрығы жөнделіп, металл барьерлік қоршаулар толық ауыстырылды. Жол белгілерін салу жұмыстары аяқталды.
– Мамандарымыз нысанға 17 рет барып, жол-құрылыс материалдарының 61 сынамасын алды. Олардың қатарында фракциялық қиыршық тас, табиғи құм және ыстық асфальтбетон қоспалары бар. Барлық сынамалар жол зертханасында тексерілді. Бақылау барысында анықталған ескертулер мен ақаулар жұмыс жүргізу кезінде жедел жойылды, – деп хабарлады филиалда.
Жөндеу аясында жолдың 15 шақырымы толық жаңартылып, екі көлік айрығындағы қоршаулар ауыстырылды және жол белгілерін салу жұмыстары аяқталды.