Павлодар облысында 19 жастағы есірткі таратушы ұсталды
Жыл басынан бері полицейлер есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы саласында 16 қылмыстың жолын кесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел уәкілдер тыйым салынған заттарды интернет және жасырын қоймалар арқылы таратты деген күдікпен 19 жастағы жас жігітті ұстады.
– Автокөлікте тінту іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері изолентаға оралған буманы тартып алды. Бұдан әрі тұрғылықты жері бойынша есірткі заттары, таразы, буып-түю материалы, карталар мен телефондар салынған бума тәркіленді, – деді Павлодар облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тимур Қаржаубаев.
Сараптама қорытындысы бойынша жігіттен 40 грамнан астам психотроптық заттар тәркіленді.
Айта кетейік, жыл басынан бері тоғыз заңсыз контент анықталып, бұғатталды. Өңірде жедел қызметкерлер жасөспірімдер мен жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларға ерекше назар аударады.