Ақсуда тағы да вандализм: «Алтыбақан» әткеншегін талқандап кетті

Ақсуда тағы да вандализм: «Алтыбақан» әткеншегін талқандап кетті
Фото: Ақсу қаласының әкімдігі

Бұзақылар өткен жылы ғана қала жағалауында орнатылған «Алтыбақан» ағаш әткеншегін қиратып кетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласы әкімдігінде қала тұрғындары мен қонақтарынан қала мүлкіне ұқыпты қарауды және қоғамдық орындарда жүріс-тұрыс ережелерін сақтауды сұрайды. Өткен жылы қалалық жағажайды абаттандыру бойынша орасан зор жұмыс атқарылған.  Дренажды тереңдету жұмыстары жүргізілді, проблемалы батпақты жер құммен толтырылды. Жағажайда шезлонгтар, киім ауыстыратын кабиналар, күнқағарлар, құтқару мұнарасы, қоқыс контейнерлері, волейбол алаңы орнатылған, балаларға арналған шомылатын орын жабдықталған. 

– Мұның барлығы халықтың жайлы уақыт өткізуі үшін жасалды. Алайда тұрғындар жағажай креслоларын үнемі жағажайдан бұталардың арасына алып кетеді, кабиналарға дәрет сындырады, алкогольдік ішімдіктер ішеді. Бұл жағалауда жасалып жатқан бұзақылықтың шет жағасы ғана, – дейді әкімдікте. 

Естеріңізге сала кетейік, үш күн бұрын ғана бұзақылар саябақтағы қоғамдық дәретхананың ішін тас-талқан еткен. Су ағатын кран мен қол жуатын шұңғылшаны кірпішпен сындырып,  баспалдақты алып кеткен.