Ақсулық оқушылар жазғы демалыстарында жасанды интеллектпен танысты
Демалыс технологиялық алаңға айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу өңірінде жазғы демалыс маусымы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың шығармашылық, техникалық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған тың жобалармен ерекшеленуде. Биыл өңірдегі 10 815 оқушының 9 151-і түрлі сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамту шараларымен қамтылмақ. Қазіргі таңда жазғы жобаларға 8 817 бала қатысып үлгерген.

Ақсу қаласы білім беру бөлімінің әдіскері Әсемгүл Хамитованың айтуынша, жазғы лагерьлердің басты ерекшелігі – балаларды заманауи технологияларға қызықтырып, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту.
– Ақсу өңірінде үш жүзге жуық бала түрлі іс-шараларға қатысты. Бұл шаралардың басты мақсаты – балалардың робототехникаға қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, мектеп, бала және ата-ана арасындағы байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Қарақшылар тақырыбындағы ойындар мен квесттер балаларды ертегілер әлеміне жетелеп, олардың ойлау қабілетін дамытуға көмектесті. Ал Эбру өнері арқылы балалар шығармашылықпен айналысып, психологиялық тұрғыдан тынығып, демала алды, – дейді әдіскер.
Жазғы маусымда өңірде 25 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Сонымен қатар, бір киіз үй лагері, екі шатырлы лагерь және екі IT-лагерь ұйымдастырылған. Балалар үшін «Smart Summer – Білім әлемі», «AI Kids: Миыңды шыңда», «Эко-әлемге саяхат», «Жас сарбаз – Expedition», «Blogger Camp», «Экотехно жаз» секілді жобалар қолжетімді.

Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебі жанындағы «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагерінде Әкелер күніне арналған «Ата-анамен бірге спорт!» атты спорттық шара өтті. Оған «Болашақ», «Айгөлек», «Жұлдыз», «Жаз Life» және «Гүлдер» топтарының ата-аналары қатысып, барлығы 80 адам қамтылды. Сайыс барысында отбасылар түрлі спорттық кезеңдерден өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.
Ал №8 орта мектеп жанындағы «Жазғы әуен» лагерінде «Қарақшылар күні» ұйымдастырылды. Балалар арнайы әзірленген бекеттер бойынша саяхат жасап, квесттер мен ойын тапсырмаларын орындады. «Су борттан асып төгілді!», «Кемедегі алтын», «Батылдар бекеті» және «Қарақшылар мергендігі» секілді кезеңдер қатысушылардың ұйымшылдығы мен тапқырлығын сынады. Іс-шараға 67 оқушы қатысып, белсенділік танытқан командалар марапаттарға ие болды.

№4 мектепте шығармашылық бағыттағы ерекше күн өтті. Лагерь тәрбиеленушілері «Адал Азамат» бағдарламасы аясында су бетіне сурет салудың көне Эбру техникасымен танысты. Балалар суға бояумен өрнек түсіріп, кейін оны қағазға көшіру арқылы бірегей жұмыстар жасады. Шеберлік сабағы балалардың қиялын дамытып қана қоймай, эмоционалдық тынығуына мүмкіндік берді. Кейін ұйымдастырылған «Color Party» арт-зертханасында қатысушылар түстермен тәжірибе жасап, өз шығармашылық әлеуеттерін көрсетті.
Жасанды интеллект бағыты бойынша оқушылар тәрбиелік мәні бар ертегілер құрастырып, оларды QR-код арқылы ұсынды. Ал робототехника сабақтарында қатысушылар өздері құрастырған лабиринттер арқылы роботтарды бағдарламалап, инженерлік және техникалық дағдыларын шыңдады.

Жазғы демалыс кезеңінде балалар үшін экскурсиялар да ұйымдастырылуда. Оқушылар қасиетті тарихи орындар мен Павлодар қаласындағы музейлерге барып, өңірдің мәдени мұрасымен танысты.
Ақсу өңірінде балалардың қауіпсіз, қызықты әрі пайдалы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жаз бойы жалғасады.