Павлодардағы колония студенттері арасында «Үздік маман» байқауы өтті

Шара жұмысшы кәсіптердің беделін арттыруға және сотталғандардың білімге деген құлшынысын оятуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, №46 мекемедегі техникалық колледждің сотталған студенттері «Үздік маман» атағы үшін бақ сынасты.
– Байқау теориялық білім мен практикалық дағдыларды көрсетуге арналған екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар алдымен мамандықтары бойынша тест тапсырса, екінші кезеңде өндірістік жағдайға ұқсас тапсырмаларды орындап, өз шеберліктерін паш етті. Қазылар алқасы құрамында «Еңбек-Павлодар» РМК филиалының өкілдері, ҚАЖД және №46 мекемесінің еңбекпен оңалту бөлімдерінің бас мамандары мен инспекторлары, сондай-ақ колледж басшылығы болды. Олар жұмыстың сапасын, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, орындау жылдамдығы мен шығармашылықты бағалады, – делінген хабарламада.
Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен студенттер дипломдармен марапатталды. Колледж оқытушылары бұл шара сотталғандардың кәсіби тұрғыда өсуіне ықпал етіп, олардың білікті маман ретінде қалыптасуына жол ашатынына сенім білдірді.