Ақсуға қоныс аударған қандастардың саны артуда
Өткен жылы қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау үшін 385 адам немесе 78 отбасына квота бөлінген, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Ақсу қаласы әкімдігінің мәліметінше, оның ішінде 231 адам немесе 51 отбасы жұмыс күші артық өңірлерден болса, 154 адам немесе 27 отбасы – қандастар.
2023 жылға қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау жоспары 389 адамды немесе 96 отбасын құраған. Оның ішінде 225 адам немесе 55 отбасы – өңіраралық еңбек ұтқырлығы аясында қоныс аударушылар, 164 адам немесе 41 отбасы – қандастар.
1 тамыздағы жағдай бойынша Ақсу қаласы мен ауылдық аймақтарына 379 адам (77 отбасы) қоныстанған. Оның ішінде қандастар – 228 адам (43 отбасы), Моңғолиядан – 193 адам (35 отбасы), Түркіменстаннан – 6 адам (2 отбасы), Өзбекстаннан – 10 адам (3 отбасы), ҚХР-дан – 4 адам (1 отбасы), РФ-дан 15 адам (2 отбасы) көшіп келген. Ішкі мигранттар – (151 адам) 34 отбасы Алматы, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан қоныс аударған.
Олардың бірі – Қызылорда отбасынан қоныс аударған Айболат Әбдірамановтың отбасы өткен жылдың қазан айында көшіп келген. Бүгінде ол Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді. Жұбайы Жанат Абжаппарова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Екі қыз және бір ұл тәрбиелеп отыр.
– Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты үйдемін, алайда бос уақытымды тапсырысқа түрлі тәттілер пісіремін. Жасым 29-да. Екі жыл бұрын құдашамыз осы жаққа қоныс аударған болатын. Ақсу қаласы шағын әрі тыныш болған соң ұнады. Бұл бағдарлама бойынша үлкен қолдау көрсетілді, өз баспанамызды алдық. Осы жаққа Қызылорда облысынан таныстарымыз да қоныс аударуға қызығушылық білдіруде, – дейді Жанат Абжаппарова.
Жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін қандастар мен қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ отбасы жағдайына қарамастан жалғызбасты адамдарға материалдық көмектер беріледі. Көшу шығыстарын өтеу бір рет отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде беріледі.
Қалалық жерлерге қоныс аударғандарға: бір адам үшін – 20 АЕК, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 – АЕК, отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде төленеді. Ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін: бір адамға – 15 АЕК, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде – 18 АЕК және отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК мөлшерінде төленеді.
Сонымен қатар тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу, тұрғын үйді сатып алу және салу үшін ақшалай төлем ретіндегі материалдық көмек ретінде экономикалық ұтқырлық сертификаты қарастырылған. Мұндай сертификат келу өңірінде тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үйді сатып алу кезінде қандастар мен қоныс аударушыларға беріледі. Экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%, алайда 1 160 АЕК аспайтын көлемде отбасыға беріледі.