Естай ауылының жастары ақын есімін ардақтады

Естай ауылының жастары ақын есімін ардақтады

Қазақтың көрнекті әншісі, ақын-сазгері, ҚазССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбайұлының туғанына 155 жыл толуына орай Ақтоғай ауданының Естай ауылында бірқатар шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Естай Беркімбайұлы Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Қаражар ауылында өмірге келгенімен, Ақтоғай ауданы, қазіргі Естай ауылында дүние салғаны белгілі. Әйгілі әншінің соңғы демі үзілген топыраққа аты беріліп, күмбезді кесенесі бой көтерген болатын.

Мерейтойға орай Естай ауылының жастары бірқатар шарапатты шараларды жүзеге асырды. Дәлірек айтсақ, С.Мүткенов атындағы мектепте «Ардақтайық Сарыарқаның асылын» тақырыбында Естай ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына, әндерінің тарихына арналған ғылыми жобалар сайысы өтті. 

Жобалар сайысында 1-орынды Гүлнар Сәрсен алса, 2-орынды Қызғалдақ Оразғали еншіледі, 3-орын Нұрбай Ерболатқа бұйырды. Жүлделі болған оқушыларды ынталандыру мақсатында ауыл жастары ақшалай сый-сыяпат табыстады.

Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген жақсы сөз бар. Осы бір тәлімді тәмсілді ауызбен айтып қана қоймай, іс жүзінде жасаған жастардың әсерлі әрекеті бәрімізді сүйсінтті. Бір кездері өзіміздің ауылдан білім алып, қанат қаққан оқушыларымыздың туған жерге ат басын бұрып, бүгінгі атқарған шаруалары ертеңгі бүлдіршіндерге үлгі болары анық, – деді мектеп директоры Райгүл Тұрсұмбайқызы. 

Сонымен қатар, Естай Беркімбайұлы есімін ұлықтап, жастар арасында насихаттау мақсатында шағын футболдан турнир өтті. Ауылдардан «Жаңабет», «Мүткенов», «Естай», «Жаңатап», «Мүткенов жастары», «Әбжан» атты алты команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. 

Естай Беркімбайұлының кесенесіне барып, Құран бағыштаудан басталған игілікті шара кешке дейін жалғасты. Қорыта келгенде, 1-орынды «Мүткенов» ауылы жеңіп алса, 2-орын «Әбжан» ауылына, 3-орын ұйымдастырушы жастардан құралған «Естай» ауылына бұйырды. Жүлдегер командаларға ақшалай сыйлық табысталды. 

Жастардың басын қосып, жарысты ұйымдастыруға ұйытқы болған Бибіжан Аңшыбайқызы мен Нұрболат Сағынтайұлы сайысқа қатысқан барлық командаларға алғысын білдірді. Сонымен қатар, олар «Естай» командасы еншілеген жарыс жүлдесін де, ауыл жастарынан жиналған қосымша қаражатты да Мүткенов ауылдық мешітіне беретіндерін атап өтті.