Екібастұз тұрғындары аттракциондарсыз қалмайды

Екібастұз тұрғындары аттракциондарсыз қалмайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бірақ құрылғылар «Шахтёр» саябағынан басқа жерге ауыстырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзға жұмыс сапарымен келгенде жергілікті қоғамдық кеңес «Шахтёр» саябағын қайта жаңғыртуға қатысты тұрғындардың тілектерін тыңдаған болатын. Бұдан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталды.

Тұрғындардың көпшілігі жаңартылған саябақта белсенді және тыныш демалыс орындары болғанын қалаған. Сондықтан жоба аясында жасыл аймақтар, жаяу жүргіншілер аллеялары, орындықтар мен демалыс орындары бар аумақтар жасалады.

Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жобаны «Гидропром» ЖШС мердігер компаниясы жүргізеді. Жаңартылған саябақ биыл дайын болады деп күтілуде. Бірақ кейбір тұрғындар бұл шешімге наразылық танытып, әлеуметтік желіге шағымдарын жариялаған. Халық балалардың жалғыз ойын-сауық орны жасыл саябаққа айналып, жұрттың сүйікті аттракциондары жойылғалы жатқанына ашулы.

Қала әкімдігінде бұл жағдайға байланысты келесідей балама ұсынып отыр.

– Қайта жаңғыртудан өткен «Шахтер» саябағының аумағында болған аттракциондарды басқа жерге орналастыруды ұсынамыз. Бұл үшін «Екібастұздың 50 жылдығы» атындағы гүл бағында жеткілікті орын бар, – дейді әкімдікте.

Сәулет және қала құрылысы бөлімі биыл аталған гүл бағын жаңартудың тұжырымдамасын әзірлеп қойған. Ол жерде аттракциондар бар аумақтар мен сусындар, балмұздақ және фаст-фуд сататын бөлек азық-түлік аймағы қарастырылған.