Павлодарда ең жоғарғы жалақы қай кәсіпке тиесілі
Облыстық стратегиялық жоспарлау департаменті 2022 жылғы ІІІ тоқсандағы көрсеткіштерді жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Жақан Жәкеновтің мәліметінше, ең жоғары жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласына тиесілі.
– 2022 жылы бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 273 мың 061 теңгені құрады. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 24,2%-ға артқан. Салалық құрылымда ең жоғары жалақы тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда – 438 мың 242 теңге, ең төменгі жалақы – «Өзге қызмет түрлерін көрсету» саласында – 129 115 теңге, – деді Жақан Жәкенов.
Спикердің сөзінше, бүгінгі таңда аумақтық тұрғыда ең жоғары жалақы Ақсу қаласында – 327 282 теңге, ал ең азы Ертіс ауданында – 191 мың 676 теңге.
Айта кетейік, 2022 жылдың III тоқсанында облыс халқының орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 166 274 теңгені құрады. 2021 жылдың үшінші тоқсанындағы кезеңмен салыстырғанда нақты орташа ақшалай табыс 4,9%-ға өсті.