Асайын Байханов: Кәсіпкерлер жалға алған жерлерін игермесе, басқа инвесторларға беру керек

Асайын Байханов: Кәсіпкерлер жалға алған жерлерін игермесе, басқа инвесторларға беру керек
Фото: Константин Шелков

Облыс әкімі игерілмеген жерлерді суармалы жер ретінде пайдалану мәселесін көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде суармалы жер көлемі 169,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 72 мың гектары суарылады. 

– Павлодар облысында суармалы егіншілікті дамыту үшін 35,5 миллиард теңге сомасына жалпы көлемі 22,8 мың гектар суармалы учаскелерге инженерлік инфрақұрылымды жүргізу бойынша өз қаражаты есебінен ауылшаруашылық өндірушілері әзірлеген жобалық-сметалық құжаттамасы бар 35 жоба бар, – деді жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов. – Оның 24-інде қолданыстағы жобалық-сметалық құжаттары бар, жеті жоба түзетуде, екі жоба сараптамада және екі жоба әзірленуде. 

35 жобаның ішінен «суармалы егістік» жер түрі бар жер учаскелердің көлемі 17,1 мың гектар болатын 26 жобада ғана болса, қалған тоғыз жоба «суарылмайтын егістік», «жайылым» жер түрі бар 5,7 мың гектар. Басқарма басшысы олар бойынша суармалы егістікке көшіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті. 

– 300 мың гектар жерді суаруға барлық мүмкіндігіміз бар, – деді облыс әкімі Асайын Байханов. – Бұл бағытта жұмыстар жүргізу керек. Жер мемлекеттікі. Кәсіпкерлер оны жалға алады. Егер олар жалған алған жерлерін игермесе, ол жерде өнім өсірмесе, жұмыс орындарын ашпаса, салық төлемесе онда ол жерді қайтарып алып, басқа инвесторларға беру керек. 

Аймақ басшысы Аққулы, Железин, Ертіс, Павлодар және Тереңкөл аудандарының әкімдеріне 15 мамырға дейін әр шаруашылықпен жеке жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ, қалалар мен аудандардың әкімдері ауыл шаруашылығы басқармасымен және Ертіс бассейндік инспекциясымен бірлесіп пайдаланылмайтын суармалы жер учаскелері бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.