Аққулыда жас кәсіпкерлер аналарға шоппер тігуді үйретті
Аудан орталығындағы саябақта шеберлер бас қосып, «Шебер best» кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, бұл шараның мақсаты – ұлттық дәстүрдің төрінен орын алатын қолөнер, тігу бағытын әйелдер, әсіресе жас аналар арасында кеңінен насихаттау.
– Шеберлік сағатында ауданның белсенді жас кәсіпкерлері әрі қолөнер шеберлері Айымгүл Омарханова мен Ария Қазбекова таза ауада тігін машинкаларымен жастық қаптамасын, қазіргі таңда сәнге айналған шоппер тігу техникасын көрсетті. Жас аналар тігу процесіне белсенді қатысты, – дейді Жаннұр Ахметжанова.
Айымгүл Омарханова екі жылдан бері «Art sport» бағдарламасының қатысушысы. Бүгінде 20-дан астам жасөспірім қызға түрлі техникалардағы тігін өнерін үйретеді, ал Ария Қазбекова 2019 жылы «Бастау бизнес» жобасымен грант алып, тігін машинкасын сатып алған. Негізгі мамандығы – жол құрылысшысы. Бүгінде ол тапсырыспен заманауи киімдер тігуде және тұрақты тапсырыс берушілер қатары да артып келеді.
Екі шебер әйелдерге қажетті заттарды салуға арналған шағын сөмке тігу үлгісін көрсетті. Кеш соңында белсенділік пен шеберлік танытқан қатысушыға шеберлік сағатында тігілген заттар сый-сыяпат ретінде табысталды.
Алдағы уақытта мұндай шеберлік кештерін басқа ауылдарда да ұйымдастырып, әйелдер қауымының қоғамдық белсенділіктерін арттыру жоспарланып отыр. Мысалы, Мерғалым ауылында биыл ғана кәсібін бастаған Ботагөз Биболат наубайхана ашып, күнделікті ауыл тұрғындарын нанмен қамтуда. Осындай өз кәсібін бастап, табыс тауып отырған жандар өз тәжірибелерімен бөліседі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram