Білім басқарудағы жаңа тәсілдер: Майқайыңда аудандық семинар-практикум өтті

Білім басқарудағы жаңа тәсілдер: Майқайыңда аудандық семинар-практикум өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жиынға мектеп директорлары қатысып, білім ұйымдарын басқарудағы заманауи үрдістерді талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Майқайың кенті №2 жалпы орта білім беру мектебінде «Білім беруді басқару: басқару, даму, нәтиже» тақырыбында ұйымдастырылған аудандық семинар-практикум өтетін орын кездейсоқ таңдалмаған. Өткен жылы аталмыш білім ордасында 1975 жылдан бері алғаш рет 427 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық база жаңартылды. Оқу ордасы заманауи құрал-жабдықтармен, соның ішінде STEM-зертханамен қамтамасыз етілген. Бүгінде мұнда жүзге жуық педагог еңбек етіп, 813 оқушы білім алады. Олардың арасында республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері бар.

Мектеп директоры Жанат Жұмағұлова әріптестеріне жаңартылған ғимарат бойынша экскурсия өткізіп, семинарды ашу барысында білім беру ұйымын басқарудағы басым бағыттарды атап өтті. Ол ұжымдық жұмысты үйлестіру тәжірибесімен бөлісіп, жаңартылған ортадағы басқару мәдениетінің маңызын тілге тиек етті.

Баянауыл ауданы әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлнази Нұртаева білім сапасын арттыру мен әдістемелік сүйемелдеудің жүйелі жұмысы жөнінде баяндама жасады. Ал педагогтер Светлана Окенова мен Қарлығаш Тонтаева мұғалімдермен жұмыс істеудің практикалық тәсілдерін ұсынды.

Мектепішілік бақылау мәселесін Сауле Рахымбекова көтеріп, тиімді жоспарлау мен талдау жолдарын нақты мысалдармен түсіндірді. Роза Далдыбаева 4-5-сынып оқушыларының психологиялық және оқу үдерісіне бейімделуін қолдау тетіктерін таныстырды. Мектеп психологі Айбарша Макарова буллинг пен кибербуллингтің алдын алуда ата-ана, мұғалім және оқушының бірлескен жұмысының маңызын атап өтті.

Сондай-ақ психологтер семинар қатысушыларына кәсіби күйзелістің алдын алу және басқару командасындағы психологиялық әл-ауқатты нығайту жолдарын үйретті.

Аудандық білім бөлімінің басшысының орынбасары Баянсұлу Әубәкірова «Әділетті азамат» бағдарламасы аясындағы өңірлік жобаларға тұрақты қатысу тәжірибесімен бөлісті. Ол білім беру жұмысын нақты нәтижелермен ұштастыру және сынып рейтингтерін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Инклюзивті спорт түрі – бочча ойынының таныстырылымын Олжас Қақымжанов өткізіп, оның оқушылардың дене дамуы мен әлеуметтік бейімделуіндегі рөлін атап өтті. Семинар қатысушыларымен интерактивті ойынды Бөгембай Бахитденов ұйымдастырды.

Іс-шара дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қаржас Ақылбектің орындауындағы «Гимн героев» әнімен ашылып, жас педагогтердің хорының өнер көрсетуімен қорытындыланды.