Павлодарлық оқушылар алғаш рет «Кіші Сәтбаев» олимпиадасында бақ сынады

Павлодарлық оқушылар алғаш рет «Кіші Сәтбаев» олимпиадасында бақ сынады
Фото: білім басқармасынан

Білім додасының іріктеу кезеңіне 700-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, аса көрнекті ғалым, академик, Қазақстан Ғылым Академиясының негізін қалаушы және оның тұңғыш президенті, ұлы геолог Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай 4,5,6-сынып оқушылары арасында облыстық  «Кіші Сәтбаев» олимпиадасы өтті. 

- Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең - іріктеу кезеңі онлайн форматта өтті. Оған Павлодар, Ақсу қалалары мен Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Успен, Баянауыл, Тереңкөл, Май, Ертіс аудандарынан 753 оқушы қатысты. Іріктеуден өткен 98 оқушы қорытынды кезеңде бақ сынады. Олимпиадаға Ақсу қаласы мен Май ауданынан қатысушылар көп болғанын атап өткім келеді, - деді Қаныш Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия директорының орынбасары  Гүлден Оразова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада ғылым саласында білімін жалғастыруға ынталанған дарынды зияткерлерді және талантты оқушыларды анықтау мен қолдауды мақсат етеді. Оқушылар  математика және жаратылыстану  пәндері бойынша функционалдық сауаттылыққа негізделген тапсырмаларды орындап, өз білімдерін шыңдады. 

Қорытынды кезеңге Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің профессоры, аға оқытушысы Омаров Мұрабек Қаппасұлы қатысып, Қаныш Сәтбаев еңбектерінен сыр шертті. 

Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша 6 оқушы  І, 14 оқушы ІІ, 25 оқушы ІІІ  дәрежелі дипломмен  және 10 оқушы Құрмет грамотасымен марапатталды.

Айта кету керек, бұл олимпиада 15 жыл қалалық, ал биыл алғаш рет облыстық деңгейде өтті.