Бір қатардан бес шелекке дейін: Павлодарда құлпынайдан рекордтық өнім жиналды
Бірнеше жыл бұрын барлық жидек үсіп кеткен болатын. Алайда қызметкерлердің еңбегі мен бағбандардың қолдауының арқасында алқаптарды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының экологиялық-ботаникалық кешені бөлімінің меңгерушісі Светлана Боровикинаның айтуынша, биылғы өнім – үлкен еңбектің нәтижесі.
Бір қатардан төрт-бес шелекке дейін жидек жиналады. Мұндай сегіз қатар бар.
– Біз ескі сорттардың бір бөлігін сақтап қалдық. Жаңа сорттарды көшеттерден бірнеше түптен сатып алып, кейін көбейттік, – деді маман.
Светлана Михайловнаның айтуынша, көпшілік әдет бойынша бұл дақылды «клубника» деп атайды, алайда оның дұрыс атауы – бақша құлпынайы.
– Бұл өздігінен тозаңданатын өсімдік. Тіпті бір түп болып өссе де, жеміс береді. Ал клубника – аталық және аналық өсімдіктерді қажет ететін қосүйлі өсімдік, – деп түсіндірді ол.

Қазіргі уақытта орталықта маусымына бір рет өнім беретін сорттармен қатар, қайта өнім беретін ремонтантты сорттар да өсіріледі. Кейбір сорттар алғашқы жеміс беру кезеңінен кейін шамамен екі апта демалып, қайтадан гүлдеп, жидек байлай бастайды.

Құлпынайды күтудің құпиясы қарапайым. Оны уақытылы суару, топырақты қопсыту және топырақ бетін жабындау. Бұл әсіресе Павлодар облысының құмды топырағы үшін маңызды, өйткені мұнда ылғал тез буланып кетеді.
Өнім жинау жұмыстарына орталық тәрбиеленушілері де белсенді қатысады. Балалар экология, туризм және өлкетану бағыттары бойынша білім алып, экологиялық тәжірибелік жұмыстарға қатысады.
– Балалар жермен жұмыс істеуді үйренеді: өсімдіктерді күтеді, суарады, топырақты қопсытады. Әрине, олар құлпынай өнімін жинауға да атсалысады, – дейді орталық қызметкерлері.

Жиналған жидектің бір бөлігі тұрғындарға сатылады. Өнімнің бағасы білім бөлімімен келісу арқылы белгіленеді. Ұсақ жидек литріне 1000 теңгеден, ірісі 1500 теңгеден сатылады.

Орталықта атап өткендей, құлпынай – экологиялық таза өнім. Оған химиялық препараттар қолданылмайды, тек суарылып, өсімдіктерге күтім жасалады.