Бір күн – болашақ үшін: Павлодарлықтар ғаламдық экоқозғалысқа атсалысады

Биыл бұл шара 20 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлем жұртшылығы жыл сайын қыркүйек айының үшінші сенбісінде қоршаған ортаны қорғау жолында бірігіп, «World Clean Up Day» атты ауқымды экологиялық акция өткізеді. Қазақстанның өзге өңірлерімен қатар, Павлодар облысы да аталған бастамадан шет қалмайды.
– «World Clean Up Day» акциясы алғаш рет Эстонияда бастау алған болатын. Бүгінде ол дүниежүзінің жүзден аса елінде қолдау тауып отыр. Негізгі мақсат – табиғатты қоқыстан тазарту арқылы адамдардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы ынтымақтастықты арттыру. Бұл бір күндік іс-шара ғана емес, адамзаттың болашағына деген жауапкершілікті сезіндіретін ғаламдық қозғалыс, – деді облыстық экология департаментінде.
Департамент өңір тұрғындарын, еріктілерді, кәсіпорындар мен ұйымдарды аталмыш акцияға белсене қатысуға шақырып отыр. Шара барысында қала көшелері, саябақтар, өзен-көл жағалаулары мен елді мекендердің маңы тазартылып, қоқыс қалдықтары жиналады. Бұл тек экологиялық ахуалды жақсартуға емес, сонымен бірге қоғамда экосананы нығайтуға бағытталған қадам болмақ. Шара Усолка көпірінде 20 қыркүйекте сағат 09:00 өтеді.
«World Clean Up Day – 2025» – тек қоқыс жинау шарасы емес, бұл – табиғатқа жанашырлықтың, қоғамға ортақ жауапкершіліктің көрінісі.