Басын жарған: Павлодарда абайсызда танысын өлтірген тұрғын сотталды
Танысымен көңіл көтерген тұрғын жанжалдың салдарынан оның басын жарған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы №2 соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылдың 21 қарашасында көлікжайда алкогольдік ішімдік ішіп отырған екі павлодарлықтың арасында жанжал орын алған. Сөзге келіп қалған екеуінің біреуі бөтелкелесінің басынан металлдан жасалған газ кілтімен бірнеше соққы жасаған. Жәбірленуші ашық бас-сүйек жарақаты салдарынан ауруханада қаза тапты.
– Прокурор қылмыскерді кінәлі деп тауып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толықтай мойындап, танысын қасақана өлтірмегенін айтып ақталды, – деді баспасөз қызметінде.
Сот Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша және мән-жайларды ескере отырып, айыпталушыға 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі мекемеде өтеу туралы үкім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.