Батырларға тағзым: павлодарлық оқушылар Ұлы Отан соғысы қаһармандарын еске алды

Батырларға тағзым: павлодарлық оқушылар Ұлы Отан соғысы қаһармандарын еске алды
Фото: ұйымдастырушыдан

Облыс орталығында Мәңгілік от ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларды еске алуға арналған «Батырларға тағзым» атты қалалық іс-шара өтті. Шараны «Жігер» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ұйымдастырды. Оған қаладағы 37 мектептен 850-ден астам оқушы қатысты.

Салтанатты рәсім бір минут үнсіздікпен басталды. Одан кейін қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майданда қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етті. Іс-шараның құрметті қонағы – тыл ардагері Қайролла Тілеулесов оқушылармен кездесіп, соғыс жылдарындағы оқиғалар туралы әңгімеледі. Ол бейбіт өмірдің қадірін бағалау мен батырлардың ерлігін ұмытпау керектігін атап өтті.

«Жігер» орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі Индира Баужанованың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастыру және тарихи жадыны сақтау.

– Бұл бастаманы алғаш рет 2025 жылы қолға алдық. Мақсатымыз – балалардың патриоттық сезімін оятып, Ұлы Отан соғысының тарихын ұмыттырмау еді. Биыл шара екінші рет өтіп жатыр. Өткен жылдағыдай 800-ден астам оқушы қатысты, – деді ол.

№30 жалпы орта білім беру мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсем Сыздықованың сөзінше, оқушылар шарадан ерекше әсер алып қайтқан.

– Балалар батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Осындай шаралар оқушыларға тарихты құрметтеуді және Отанды сүюді үйретеді. Әсіресе, Мәңгілік алауға бару балаларға ерекше әсер қалдырды, – деді мұғалім.

Ал №30 мектептің сегізінші сынып оқушысы Марлен Михайлова үшін бұл күн эмоционалды сәттерге толы болды.

– Ардагердің сөзін тыңдап отырып көзіме жас келді. Ал гүл шоқтарын қою кезінде мүлде жылап қалдым. Мен үшін Жеңіс күні – бейбітшілік пен еркіндіктің мерекесі. Менің арғы атам соғысқа қатысқан, сондықтан бұл күн мен үшін өте маңызды, – деді оқушы.

Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, мұндай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, батырлар ерлігін ұмытпауға тәрбиелейді.