Павлодар диқандарына 9,4 миллиард теңге субсидия бөлінді

Павлодар диқандарына 9,4 миллиард теңге субсидия бөлінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанармай мәселесі де шешімін тапқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Биыл Павлодар облысында көктемгі егіс жұмыстарын қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінді. Өсімдік шаруашылығын дамытуға жалпы көлемі 9,4 млрд теңге субсидия қарастырылған.

Оның ішінде минералды тыңайтқыш құнын субсидиялауға 1,12 миллиард теңге, пестицидтерге 3,2 миллиард теңге, су жеткізу қызметіне 317,7 миллион теңге, тұқым шаруашылығына 4,2 миллиард теңге және басым дақылдарды қолдауға 500 миллион теңге бағытталған.

Бұдан бөлек, диханардың көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанармай мәселесі де оң шешімін тапқан. Биыл облысқа 27,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның бір литрі операторлық шығындарды қоса есептегенде 275 теңгені құрайды. Бұл нарықтағы бағадан шамамен 15 пайызға арзан.

Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін «Бәйтерек» холдингінің құрылымдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы 322 несие беріліп, жалпы сомасы 27,7 м миллиард теңгені құрады.

«Кең дала 2» бағдарламасы аясында аграрлық несие корпорациясы арқылы 191 несиеге 16,6 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 127 қарыз алушыға 10,5 миллиард теңге беріліп, нәтижесінде 278 техника сатып алынды.

Ал «Фридом Банк Қазақстан» арқылы төрт шаруашылыққа жалпы көлемі 650 миллион теңге несие рәсімделді.

Бұдан бөлек, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясының форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында Павлодар облысындағы жеті шаруашылықпен келісімшарт жасалды. Жалпы көлемі 6 311,3 тонна бидай мен күнбағыс өніміне 488,7 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Еске сала кетейік, биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 1 703,2 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,2 мың гектарға артық.