«Жайылымдар тозып барады»: ғалым Павлодар облысындағы жағдайға алаңдаулы
Виктор Камкин бөгеттер мен лиманды суару жүйесін енгізуге де сақтықпен қарауға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Малдың елді мекендер маңында шамадан тыс жайылуы, инфрақұрылымның жоқтығы және жерді тиімсіз пайдалану Павлодар облысындағы жайылымдардың тозуына әкеліп отыр. Бұл туралы Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры Виктор Камкин мәлімдеді.
Ғалымның айтуынша, 289 ауылда жайылым көлемі жеткілікті болғанымен, шалғайдағы жерлер инфрақұрылым болмағандықтан пайдаланылмайды. Электр, суат және ветеринариялық нысандардың жоқтығы малдың елді мекендер маңында шоғырлануына себеп болып отыр.
- Барлық мал ауылдардың айналасында жайылады. Бұл жердің тозуына әкеледі. Қалыпты жайылым гектарына 8–12 центнер өнім берсе, тозған аумақтарда өнімділік екі центнерге де жетпейді. Апатты деңгейге жеткен жерді жай ғана пайдаланудан шығару жеткіліксіз. Оған тыңайтқыш енгізіп, мал азықтық шөптер егу қажет, — деді Виктор Камкин.
Ол Май ауданындағы кейбір аумақтардың шөлге айналып бара жатқанын атап өтті.
- Мен жайылымдармен бес жылдан бері айналысамын. Көріп жүрген жағдай мені қатты алаңдатады. Даланың шөлге айналуының негізгі себебі — жайылым шаруашылығын дұрыс жүргізбеу, — деді ғалым.
Камкин Ертіс өзенінің жайылмасында мал жаюға және суаруға жол бермеу керектігін айтты. Оның сөзінше, жайылма облыстағы жасыл мал азығының шамамен 95 пайызын береді. Малдың таптауы өсімдік жамылғысын бұзып, су эрозиясын күшейтеді және су көздерінің ластануына әкелуі мүмкін.
Ғалым бөгеттер мен лиманды суару жүйесін енгізуге де сақтықпен қарауға шақырды. Бөгеттер өзен алып келетін құнарлы шөгінділердің жайылмаға таралуына кедергі келтіріп, жердің табиғи тыңайтқыштан айырылуына себеп болуы мүмкін.
Жайылымдарды сақтаудың негізгі жолы ретінде маман жайылым айналымын ұсынады. Оның пікірінше, мал бір учаскеге кемінде алты күннен кейін ғана қайта оралуы керек. Сонымен қатар жерді секторларға бөліп, төрт жыл жайылым, бір жыл демалыс және бір жыл шабындық ретінде пайдалану қажет.
Виктор Камкин мәдени жайылымдар құрудың маңызын да атап өтті. Ол үшін тыңайтқыш енгізу, суару және астық тұқымдастар мен бұршақ тұқымдастардан тұратын шөп қоспаларын себу керек.
Климаттың өзгеруі жағдайында ғалым қуаңшылыққа төзімді, жергілікті жағдайға бейімделген мал азықтық дақылдардың сорттарын әзірлеу қажет деп санайды. Оның айтуынша, жауын-шашын көбейгенімен, ол біркелкі түспейді. Көктемде қардың тез еруі тасқынға, ал сәуір-мамыр айларындағы құрғақшылық топырақтағы ылғалдың азаюына әкеліп отыр.
- Жайылымдарды басқару жүйесін жаңартып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әйтпесе жердің одан әрі деградацияға ұшырауы мүмкін, — деп түйіндеді ғалым.