Баянауыл демалыс аймағына қосымша полицейлер жіберілді

Баянауыл демалыс аймағына қосымша полицейлер жіберілді

Тәртіп сақшылары демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығынан полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жазғы демалыс маусымы кезеңінде Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына іссапарға жіберілді. 

– Полицияның уақытша пунктінің құрамына тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция кіреді. Сонымен қатар, таулы жер – ландшафттың ерекшеліктеріне байланысты демалыс аймағында Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының атты әскер взводы да патрульдеуді жүзеге асыратын болады, – деді Павлодар облысы  полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Бек. 

Полицейлер демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін естен шығармауды сұрайды: қоғамдық орындарда, көшеде және суда мас күйде  болмау немесе алкоголь ішпеу, соның ішінде мас күйінде суға түспеу. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін таулы жерлерде серуендеу кезінде сақ болуды ескертеді. Қарттар мен балаларды, туыстарыңызды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. 

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері демалыс аймағында заңсыз әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік туралы еске салды.