Баянауыл тауларында күтпеген кездесу: Арқарлар әуеден түсірілді

Баянауыл тауларында күтпеген кездесу: Арқарлар әуеден түсірілді
Фото: Аман Қанаттың мұрағатынан

Сирек жануарлар табиғат аясында көзге түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауылда табиғатты дрон арқылы түсіріп жүрген Аман Қанат арқарлар тобын кездейсоқ бейнежазбаға түсіріп алды. Жануарлар Қазақстанның ең үлкен туын Баянауылдағы ең биік шыңдардың бірі – Қызылтауға көтеру кезінде көзге түскен.

Қызылтаудың биіктігі – 1055 метр. Аман Қанат Маханбет есімді азаматпен және өзге де қатысушылармен бірге көлемі 18×9 метр болатын Қазақстан Туын тауға алып шығып, осы сәтті таспаға түсірген. Арқарлар тау бөктерінен кешкі уақытта көрінген.

Тауға көтеріліп келе жатқанда арқарларды байқап қалдық. Сол сәтті жібермей, дронды бірден ұшырып, оларды бейнеге түсіріп алдым. Бұған дейін де арқарларды 4–5 рет түсіру мүмкіндігі болған, – деді ол.

Табиғатты дронмен бақылау – оның шамамен бір жарым жыл бұрын бастаған әуестігі. Құрылғыны оған әкесі туған күніне сыйлаған. Содан бері ол туған өлкесінің көркем көріністерін әуеден көрсетіп, Баянауылдың табиғи сұлулығын көпшілікке таныстырып келеді.

Баянауыл – менің туып-өскен жерім. Сондықтан оның әр тауы мен әр көлі мен үшін ерекше. Бұл мен үшін тек хобби емес, туған өлкеме деген құрметімнің бір белгісі, – деді Аман Қанат.

Оның айтуынша, түсірілім кезінде жабайы жануарларға зиян келтірмеуге ерекше мән береді. Дронды қауіпсіз арақашықтықта ұстап, табиғатқа барынша ұқыпты қарауға тырысатынын жеткізді.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аңшылықтанушысы Бекзат Әкімбековтің айтуынша, арқар – қорық аумағындағы бағалы әрі сирек кездесетін жануарлардың бірі. Қазақстанда мекендейтін бұл түр тармағы Қызыл кітапқа енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. 

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі арқарлардың табиғи ортасын сақтауға және олардың санын көбейтуге мүмкіндік беретін маңызды аумақтардың бірі. Мұнда жануарлар популяциясына тұрақты бақылау жүргізіледі, – деді Бекзат Әкімбеков.

Арқарлар парктің жартасты таулары, тастақты беткейлері мен ашық далалы алқаптарын мекендейді. Олар төзімділігімен, қырағылығымен және күрделі жерлерде еркін қозғалу қабілетімен ерекшеленеді. Негізгі қорегі – шөптесін өсімдіктер, астық тұқымдастар, бұталардың жапырақтары мен жас өркендері.

Мамандар жыл сайын жануарлар санын түгендеп, олардың мекен ету аймақтарының жағдайын қадағалайды. Сондай-ақ браконьерліктің алдын алу және табиғи қорек қорын сақтау бағытында тұрақты жұмыстар атқарылады.

Ағымдағы жылғы есеп бойынша, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде қазақстандық таутеке (арқар) саны 794 басқа жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артқан.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Tabigatym (@_tabigatym)