Баянауылда шаруа қожалығына ветеринарлық анықтама беруден заңсыз бас тартылған
Қожалық басшысынан түскен өтініш негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы Баянауыл ауданының шаруа қожалығының басшысына бірнеше рет ветеринарлық анықтама беруден бас тартылған. Оған себеп – жануарларды карантиндеу актісі және зерттеу нәтижелерінің жоқтығы.
– Облыстық ветеринария басқармасына түскен өтініш негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша бас тартулар заңнама бөліміне негізсіз берілгені, сондай-ақ оларды беру тәртібі мен мерзімдері бұзылғаны анықталды. Көрсетілетін қызметті алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, – деді басқармада.
Бірлік ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабының бірінші және екінші бөлігі бойынша 75АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, жыл басынан бері үш лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне 389 450 теңге өндірілген.
Бұдан басқа, ескертулер мен қатаң сөгістер түріндегі тәртіптік жауапкершілікке Павлодар облыстық ветеринариялық станциясы басшысының міндетін атқарушы, Баянауыл аудандық ветеринарлық станциясы бөлімінің басшысы тартылды.