Павлодарлық жазушының спектальдер жинағы жарық көрді
Кітап республикалық «Жалын» баспасында шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматовтың «Көңілді толқын кездері» атты жинағында драма жанрындағы бірнеше шығарма енді. Кітаптағы спектакльдер драмалық, комедиялық, сондай-ақ тарихи сипатқа ие.
- Спектакльдердің бірі «Жиен» деп аталады, ол Венгрияның XIII ғасырдағы королі Ласло IV Кун туралы. Венгрлер «кун» деп қыпшақ бабаларымызды атаған. Ласло Венгрия королі Иштван V және моңғол билігін мойындамай, Еуропаға ордасымен көшкен Котян ханның қызы Елизаветанің ұлы. Билікті ерте кезде қолға алуға мәжбүр болған Ласлоның тағдыры қасіретке толы. Осы тарихи шығармадан сырт көзге бір-біріне мүлдем жат халықтардың қалайша тығыз ықпалдасқанын аңғаруға болады, - дейді жазушы.
Автордың пікірінше, халықаралық маңызға ие мұндай қойылымның Павлодар театрларында көрініс табуы өңіріміздің мәдени өмірінде елеулі оқиға болар еді. Осы орайда Ғалымбек Жұматов әріптестікке әзір.
Бұл жинаққа драмалық шығармалардан өзге жазушының қоғамның бүгіні мен ертеңі туралы философиялық ой-толғаулары енген. «Көңілді толқын кездері» Алматыда үш мың дана таралыммен жарық көрді.
Фото: Константин Музалевский