Баянауылда ғасыр жасаған майдангерді құттықтады

Баянауылда ғасыр жасаған майдангерді құттықтады
Фото: аудан әкімдігі

Ардагерге облыс әкімінің құттықтау хаты табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлы Отан соғысының ардагері, ел ардақтысы Қайыр Хасеновтің жүз жылдық мерейтойы атап өтілді. Ғасыр жасаған майдангерді аудан әкімі Ардақ Кісентаев құттықтап, облыс әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хатын табыстады.

– Отан үшін от кешкен майдандағы батырлығы, бейбіт өмірдің іргесін қалауға қосқан өлшеусіз еңбегі – бүгінгі және келер ұрпаққа мәңгі өнеге. Біз сізді мақтан тұтамыз, құрметтейміз және ұрпаққа үлгі етеміз. Сізге зор денсаулық, амандық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін, – деді аудан басшысы.

Қария 1943 жылы небәрі 18 жасында майданға аттанып, Қиыр Шығыстағы артиллерия полкының құрамында шайқасқан. Ол 204-ші Украина дивизиясы құрамында Забайкалье майданына қатысып, соғысты 1945 жылы Жапонияда аяқтаған.

Ерлігі үшін ардагер екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен, сондай-ақ, «Германияны жеңгені үшін» және «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Соғыстан кейін Қайыр Хасенов туған өңіріне оралып, Павлодар облысының қазіргі Тереңкөл ауданындағы «Октябрь» мектебінде ұстаздық қызмет атқарған. 1969 жылы аудандық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, бірнеше мәрте аудандық атқару кеңесінің депутаты болып сайланды.

Бүгінде ақсақал бес баладан тараған 13 немере мен 16 шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешуде.