«Beeline» компаниясы Павлодарда байланыс сапасын арттыруға уәде етті

Өңірде байланыс сапасына қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында «Мобайл Телеком-Сервис» деп аталатын «Tele2» компаниясы Май ауданына қарасты Саты ауылы мен сол жердегі Успен ауданының бөлігіне байланыспен қамтамасыз ету бойынша қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша қызметтерді сатып алу үшін тендерлік рәсімдер аяқталғанын мәлім етті.
Аймақ басшысы Асайын Байханов бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.
– Енді тапсырыстар бөлініп жатыр. Менің ойымша, жыл соңына дейін бұл екі ауыл бойынша мәселе толық шешіледі. Екеуі де – маңызды, үлкен ауылдар, сондықтан бұл сұрақ біз үшін өзекті. Өкінішке қарай, бұған дейін электронды картада қателік болған. Біздің рұқсат құжаттарымызда координаттар дұрыс көрсетілгенімен, мекенжай – Саты ауылы емес, көршілес ауыл деп жазылған. Бірақ бұл мәселе де шешіледі, – деп сендірді компания өкілі.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Кар-Тел» ЖШС, яғни «Beeline» брендімен белгілі компанияға Екібастұз қаласындағы 23-ші шағын аудан тұрғындары тарапынан шағымдар көп түсуде екенін, өзі де сол аумақта байланыс жиі үзіліп кететінін байқайтынын айтып, түсіндіруді талап етті.
Бұл ретте, «Beeline» байланыс операторына Ақсу қаласындағы Строительная көшесі, 45/2 және Павлодарда «Достық» шағын ауданында тұратын тұрғындардан да жиі байланыс үзілуі бойынша көптеген шағым түскен. Бұл аумақтарда кейде 4G 2G-ге түсіп кетуі немесе байланыс мүлдем жоғалуы орын алып тұратын көрінеді.
– Барлық клиенттердің өтініштері біздің IP-жүйе немесе электронды арналар арқылы қабылданып, уақытында қаралады. Сіз айтқан барлық сұрақтарды ескереміз және жұмыс істейміз, – деді «Beeline» компаниясының өкілі.
Еске сала кетейік, Пограничник және Бозшакөл ауылдары арасындағы Павлодар – Астана тас жолының бойында «Kcell» 4G станциясын орнатты. Алдағы жылдары республикалық маңызы бар жолдарда да коммуникациялар нығайтылып, 12 «әлсіз жер» анықталып, антенналар салуға жобалық-сметалық құжаттамаға тапсырыс берілген.