Бес миллион теңге: Павлодарлық жазушы ұлттық әдеби сыйлықтың жеңімпазы атанды

Бес миллион теңге: Павлодарлық жазушы ұлттық әдеби сыйлықтың жеңімпазы атанды
Фото: Константин Шелков

Қаламгер «Үздік әдеби аударма» номинациясын жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жуырда белгілі аудармашы, қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ұстаз Рауза Мұсабаева Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министірлігі 2024 жылғы «Үздік әдеби аударма» номинациясы бойынша «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына ие болды.

«Айбоз» әдеби сыйлығы қазақстандық әдебиеттің дамуына, шығармалардың жанрлық тұрғыда кеңеюіне жаңа серпін береді. Бұл ретте оқырмандар жаңа шығармаларға қол жеткізе алады. Сыйлықтың ерекшеліктерінің бірі – номинациялар бойынша жеңімпаздардың шығармаларын республикалық бюджет есебінен шығару және тарату.

Павлодарлық аудармашы неміс жазушысы Э.Хуммельдің «Берлин балықтары», «Таң жұлдызы» романдарын, Германия, Австрия, Швейцария, Франция жазушыларының және ресейлік неміс авторларының көркем шығармаларын, бірнеше новеллаларды, әзіл әңгімелерді, 20 детектив, «Таңғажайып глобус» ертегілер топтамасын, балаларға арналған 43 суретті ертегілер кітапшасын, көптеген танымдық дүниелерді, қанатты сөздерді неміс тілінен аударған. «Gold Cinema» компаниясының тапсырысымен төрт деректі фильмді қазақшалады. 2023 жылы швейцариялық жазушы франц Холердің неміс тіліндегі романын қазақшаға аударып, «Елең ғұмыр» атауымен жарық көрді.

Айта кетейік, аталмыш әдеби сайыста «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Үздік кітап дизайны» номинациялары бойынша жеңімпаз атанғандар бес миллион теңгеден ақшалай сыйлық алды. Сондай-ақ, конкурс нәтижесінен соң олардың еңбектері 500 данамен жарық көреді.