Павлодар және Қырғызстан колледждері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Павлодар және Қырғызстан колледждері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Суретті колледж басшысы ұсынды

Екі елдің білім беру ордалары әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға ынталы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінде облыстық білім басқармасының бірлесуімен «Интеграция және инновация: аграрлық колледждердің халықаралық ынтымақтастығы» тақырыбында диалог алаңы өтті.

–  Оқу орны Қырғызстан мен Қазақстан колледждері арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайтудың байланыстырушы буыны болды, – дейді колледж басшысы Айгүл Байжұманова.

Шараға Сұлтан Ибраимов атындағы агротехникалық колледж (Қырғыз Республикасы), Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжі, Успен аграрлық-техникалық колледжі және Тереңкөл ауданының аграрлық-техникалық колледжі белсенді қатысты. Кездесу барысында бірлескен жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу, педагогтердің біліктілігін арттыру және студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту сияқты өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары талқыланды.

Іс-шараның нәтижесі колледждер арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою болды, бұл әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға және аграрлық саладағы халықаралық білім беру диалогын нығайтуға маңызды қадам болды.

–  Атап айтқанда, агрономия, ветеринария мамандықтары бойынша тәжірибе алмасу, – деді ол.

Сонымен қатар, Жапония, Қытай елдерімен стартап жобаларына грант бөлуі жағынан Қырғыз елінің тәжірибесін алып, өзіміздің колледжіміздің жобаларын қорғап, қырғыз студенттері мен оқытушыларына колледждің ветеринарлық лабораториясы негізінде стоматологиялық құралдар, УД (УДЗ) жабдығы, ота жасау тәжірибесімен бөлісу қарастырылған.

Қазіргі уақытта екі жақты бірлесіп, Орталық Азия аграрлық колледждері арасында «Central Asia Agro Skills» чемпионатын өткізу бойынша алдын ала жоспарлау, жол картасының жобасы әзірленуде.