Павлодарда жас өнерпаздар ұстаздық жолды сахналады
Киелі сахнада 500-ге жуық оқушы өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда Ұстаздар күніне орай М.Катаев атындағы оқушылар сарайының тәрбиеленушілері мерекелік концерт ұйымдастырды. Сахнаға 500-ге жуық жас өнерпаз шығып, ұстаздық жолдың қалыптасу кезеңдерін театрландырылған көрініс, ән, би және музыка арқылы жеткізді.
М.Катаев атындағы оқушылар сарайының үлкен залына қаланың педагогтері мен ардагер ұстаздар жиналды. 400 орындық зал көрермендерге лық толды.
Концерттің негізгі тақырыбы – ұстаз тағдыры мен мамандыққа деген адалдық. Жас өнерпаздар алғашқы сабақ алдындағы толқудан бастап, жас мұғалімнің алғашқы қиындықтары мен оқушылардың жетістіктеріне дейінгі сәттерді сахнада бейнеледі.
Қойылым барысында ұстаз бен шәкірт арасындағы ерекше байланыс, мұғалім еңбегінің жауапкершілігі мен маңызы көрініс тапты. Балалар ұстаздың тек білім беріп қана қоймай, оқушының қабілетін ашып, қиын сәтте қолдау көрсетіп, өз күшіне сенуге жетелейтінін көрсетті.

Мерекелік бағдарламада оқушылар сарайының вокалдық, би және шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Әр нөмір ұстаз еңбегіне деген құрмет пен алғысты жеткізді.
Кеш соңында жас өнерпаздар «Ұстазым» әнін орындап, педагогтерге өздерінің ыстық ықыласын білдірді.
Осылайша, 500-ге жуық бала мектептің жүрегіне айналған ұстаздарға өнері арқылы алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, айтулы датаға орай Аққулы ауданының Шақа жалпы орта білім беру мектебінде еңбек жолын бастаған жас ұстаз - Дастан Әбденбай бір айлық тәжірибесімен бөліскен болатын. Жас маман үшін қалада жұмыс істеуге мүмкіндік болғанымен, ол еңбек жолын ауыл мектебінен бастауды жөн көрген.