Беловка шағын ауданында балалар алаңы мен демалыс орындары жаңартылады
Ұсыныстардың бір бөлігі биыл жүзеге асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Аманов Instagram әлеуметтік желісі арқылы түскен өтініштерге байланысты Беловка шағын ауданының тұрғындарымен кездесті.
Жиында көшелерді жарықтандыру, ағаштарды кесу, қоқыс шығару және аумақты абаттандыру мәселелері талқыланды. Тұрғындар демалыс орындарына орындықтар орнатып, балалар алаңын жөндеуді сұрады.
Қала әкімінің айтуынша, бірқатар жұмыс жақын күндері жүзеге асады. Ал келесі жылға арналған жоспарға жаяу жүргіншілер жолын салу, абаттандыру және жарықтандыруға қатысты ұсыныстар енгізіледі.
– Барлық өтініш бойынша жергілікті жерге барып, қандай жұмыс қажет екенін көру маңызды. Қазір 2027 жылға арналған жұмыстар тізімін қалыптастырып жатырмыз. Олардың орындалуын бақылауда ұстаймыз, – деді Әнуарбек Аманов.
Сонымен қатар, шағын аудандағы 14 және 15 нөмірлі үйлерді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ететін әуе электр желісін тарту мәселесі қаралды.
Бұған дейін «Оңтүстік» қосалқы станциясынан орталық қазандыққа дейін тартылған кабель зақымданған болатын. Қазір оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын ай соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Мектеп маңындағы аумаққа да назар аударылды. Мұнда шағын автотұрақ жасап, оны балалар алаңымен тротуар арқылы байланыстыру ұсынылды. Сондай-ақ орындықтар мен әткеншектер орнатылып, аумақты абаттандыру жоспарлануда.