Асайын Байханов: Әр әкімнің міндеті – тұрғындарды жұмыспен қамту

Асайын Байханов: Әр әкімнің міндеті –  тұрғындарды жұмыспен қамту
Фото: Константин Шелков

Облыс әкіміне тұрғындар жұмысқа орналастыру туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Асайын Байханов биылғы жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғанын атап өтіп, өңірдің кешенді жоспары екі жүзден астам іс-шараны, соның ішінде кәсіптік білім беретін колледждерді дамыту бойынша іс-шараларды қамтитынын атап өтті.

– Біз жаңа жұмыс орындарын құру арқылы жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтай аламыз. 2024 жылы 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Олардың 75 пайызы тұрақты және жоғары жалақы алады.  Егер біздің орташа жалақымыз облыс бойынша шамамен 14 пайызға өсіп, 360 мың теңгені құраса, онда жаңа инвестициялық жобаларда жұмысшылардың орташа жалақысы шамамен 450 мың теңгені құрайды, ал кейбір жобаларда 500 мыңнан асады, – деп жауап берді өңір басшысы. 

Ол сондай-ақ, жергілікті жерлердегі әрбір әкімнің міндеті тұрғындардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау екенін алға тартты.

– Біз биылғы жылы 35 мың жұмыс орнын ашу міндетін қойдық. Өйткені, 2000 жылы көп бала дүниеге келді, ал сол кезеңде туған жастар университет немесе колледждерде оқуын аяқтап қалды. Алдағы уақытта оларды жұмыспен қамтамасыз ету қажет, – деді Асайын Байханов.

Оның пікірінше, өңірдің дамуы мен облыстағы экономикалық өсуді ынталандыру қажет, бұған білікті жұмысшылар санының артуы ықпал етеді. 

Естеріңізге сала кетейік, жақында өткен аппараттық кеңесте облыс әкімі өңірлік пулға қандай инвестициялық жобаларды барынша енгізу керектігін айтқан болатын.